FACEBOOKТЫ МЕҢГЕРУ ҮСТІНДЕМІН

Сәлем, блогшылар! Мына дөңгелене тербелген кейде жұмыр, кейде бұдыр жер жаһанда есен-аман жүріп жатырсыңдар ма? Аман жүріңдер.
Алдын ала айтып қояйын, жарнама емес, майл.руды жамандау емес, әншейін ойым. Фейсбукты енді меңгеріп жүрмін, бұрын мән бермейтінмін, м-агент бар ма бар, қалғаны не керек деп ойлайтын кездерім болған. Сөйтсем, оным болмайды екен, жұрттан қалыспай тіркелдім. Несі бар, ұнады, қазақша қаріптер шығып тұрады. Қызметі ұнады, әлемді мойындатқан желі ғой қалай дегенмен де. Бірақ өкініштісі, мен танитын адамдардың аздығы. Қазы-шұжықтың ұзыны, сөздің қысқасы жақсы демекші, осымен ойым тәмам. Көп сөзді ұнатпаймын. Ал, сәттілік тілеймін!!! 

ТҮСТЕР №2

“Тауықтың түсіне тары кіреді” дегенге “юзердің түсіне интернеті кіреді” дегенді қосып қойсақ ешкім дауламас, даттамас. Бүгінгі күннің шындығы осы. Көп созбайын, бұрындары да интернет түсіме кіретін, бұл жолғысы тіпті ерекше. Осы блогтағы постарыма 60-70, кейбіріне 80 кәмент жазылыпты-мыс (!) Уаууууу деп, шелек болып, секіріп жүр екенмін. Бары осы, осыған бола пост арнап отырсың ба деп әке-шешеден боқтамаңдар, достар дейін @qisyq айтпақшы. 

ТҮСТЕР

Армысыңдар, блогшы қауым! Бір аптадай компты “тастап жіберіп”, блогқа кірмей жүрдім. Аллатағалаға шексіз шүкірліктер есен-аман қауышып отырмыз. Тәубе. Осы аптада көрген бір түсім *көп түстердің ішінде* ерекше жанымды жылытты. Онда көптен бері көріспеген бауырымды көрдім. Абыржулы, қапсыра құшақтайды. Үнсіз. Бейне бір кешірім сұрағандай. Ағайынның аты ағайын, қанның аты қан. Айналайын-ай.
Одан соң мектебім жиі түсіме кіретін болып жүр, математика және тағы бір пән, нақты қандай екенін ажырата алмадым, мұғалімдерімнің маған қабақтары қатулы. Ұрса сөйлейді, мен тыңдамаймын, тәртіпсіз болып сыныптан емін-еркін кіріп-шығып жүрмін. Бәрі де өткен күндердің елестері, сағымданып келе береді.  Бәлкім санамның түбінде жатқан сағыныш, естеліктердің көрінісі болар. Көбіне түс ақ-қара болушы еді, осы жолы қанық, қызылы қызыл, жасылы жасыл, көгі көк, әр түс өңімдегідей.  Түске әр адамның көзқарасы, сенімі әр түрлі ғой, мен жақсыларына құдай әумин десін, жамандарына құдай бетін әрмен етсін деймін.  

ТҰЗ

Уа, құрметті әрі қадірменді блогшылар, армысыңдар, бармысыңдар?! Ар болсаңдар, бар болсаңдар бек разымын, Құдайтағаладан ар-бар болуларыңды тілеймін, тілекке сараң емеспін :-)
Осы тұз деген нәрсенің кереметтілігі – ас-ауқаттың дәмін кіргізеді, түрлі сырқаттардан аман сақтайды қажетті мөлшерде қолдансақ. Әлбетте, тұздың барлық қыр-сырын химиктер секілді аша алмаймын, ғафу еткейсіңдер :-) Ол жетпей қалған не артып кеткен жағдайда онша жақсы нәрсе емес-ті.
Халық даналығында да тұз ерекше мәнге ие. “Дәм-тұзы жарасыпты я жараспапты”, “дәм-тұзы таусылыпты”, “әңгіменің тұздығы” деп айтылып жататыны көпшілікке мәлім нәрсе ғой. Тағамдағы секілді адами қарым-қатынасты “тұзбен” өлшейді. Көрші-қолаң, туыс-туғаннан тұз алмайтыны тағы бар, аралары “АП-АЩЫ” болып кетеді деген сеніммен. Соңғысына өмірде көз жеткізгенмін.
ТҰЗ-ға шағын тақырып арнауды жөн көрдім, судан маңыздылығы кем түспейтін нәрсе ғой бар болғыр. ;-)

СӨЗ ЖЕЛ МЕ, СӨЗГЕ ЕРГЕН АДАМ “ЖЕЛ” МЕ?

Сөз жел ме, сөзге ерген адам “жел” ме? Адам баласы өмірінде өзі жайлы не естімейді десеңші?! Біреуді сөгіп, сынап, мінеп түрлі әңгімелер айтқаннан оңай тірлік жоқ, ал өзі ауыр сөз есту адамға жеңіл тимейді. Ешқайсымыз да періште емеспіз, бірақ жеңіл-желпі “жел” сөзге әуес болған ешкімге мәртебе әкелмейді, әсіресе еркектерге. Әлбетте, біреудің аузына қақпақ болу ниетім жоқ, сонда да әйел қауымының алдында еңсеміз көтеріңкі болып жүргенді қалағандықтан айтылған ой ғана. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – егер СЕН жайлы әңгіме айтылды деп үшінші біреу келді ме, бірден ИГНОР түймесін бас! 

“ПАРАЗИТ СӨЗДЕР”

Құрметті блогшылар бұл жолы “ПАРАЗИТ СӨЗДЕР” (бұдан әрі “П.С.”) жайлы жазуды ұйғардым. “П.С.” жайлы университетте оқып жүргенімде оқытушымыз көп айтатын. Студенттердің бір сөзді қайталауы, керексіз жерге жаргон қыстыруына күле отырып ескерту жасайтын. “П.С”-сіз сөйлеп үйреніңдер, бірер жылда қайнаған қоғамдық өмірге араласқандарыңда ыңғайсыз жағдайға тап боласыңдар, сөйлем құрау, ойларыңды жинақтап жеткізу мәселесіне көңіл бөліңдер деуші еді. Расында “П.С” адамға абырой әкелмейді, жақсы жағынан көрсетпейді, ол жағы даусыз. Енді осы кемшілікпен күресудің, тіпті оның алдын алудың қандай әдіс-тәсілдері бар дегенге бас қатырудамын. Өзімде бұл әдет жоқ, бірақ достарымның сөз саптасында кездесіп жатады. Бірдеңе қылып көмек беруім керек секілді.  Екі сөздің бірінде “және”, “жәнедей”, “и”, “не ғой”, “анау ше…”, мынау ше…”, “сосынгин”, т.б.  қоса бергендіктен мазмұнының “әсерлілігі” кетеді, тыңдаушы жалығады, сөйлеуші де не айтқанын түсінбейді. 

Алдын алу тәсілі ретінде – балаларға кішкене кезінен көбірек қарапайым әдебиетпен сусындату; заттарды, құбылыстарды дұрыс айтуға, бірер сөзбен ойын ашық жеткізуге баулу керек секілді.

Ал, ересектерге қиындау.  ”П.С”-ны тежейтін психологиялық сүзгі қабілеті қажет-ау. 

Жеке ойым. Қарабайыр болуы да мүмкін, кешірім өтінемін. Сендердің осы мәселеге көзқарастарың қандай?

ОЙЛАР ДА СӨЙЛЕП КЕТЕДІ…

Бүгінде қарап тұрсақ талқыланатын тақырып қалмағандай. Бәрі талқыланған, жіктелгендей. Бір нәрсені жаңалық дейін десек, әбден “тозығы жеткен ескілік” секілді. Байқаусызда плагиатқа ұрынуымыз мүмкін я TABOO. Бір уақыт салиқалылыққа басқымыз келеді, бірақ салиқалы әңгімеміз жасымызға сай емес ЖАСАНДЫЛЫҚҚА тағы әкелуі мүмкін. Қатты айтсақ ренжітеміз, жай айтсақ жеткізе алмаймыз. Тоқырау. Осындай кезеңдерде мықтылар іріктеліп шықпай ма? Қарт тарихқа көз жүгіртсек, солай ғой. Қиын сәттерде небір туындылар жазылған, небір таланттар шыққан. Құдайтағала да қиындықты пенделерінің шама-шарқына қарап береді ғой.

ҚАЙТА ОРАЛДЫМ WORDPRESS.COM-ҒА!!!

Сәлем, блогшылар!!! Қайта оралдым, бір аштым, бір жаптым, әжептәуір бірдеңелер жазған күнім де болды, өндіріп жаза алмаған күндерім де болды. Казах.ру, Солай.Де, Жастар.биз сайттарында да жүрдім, неше түрлі ник-есімдермен. Алдын ала айтып қояйын, журналист емеспін. Әншейін қатардағы әуесқой интернет пайдаланушысымын. Неде болса қайта аштым.